blog Images

РАНТ мүшесі студенттерге насихат айтты

Қазақстан қажылар қауымдастығының Маңғыстау облыстық филиалының ұйытқы болуымен айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының құрметіне Шахмардан Есенов университетінің студенттеріне арналған ауызашар дастарқаны жайылды.

Рухани кеш аясында Жаңаөзен қаласының бас имамы, РАНТ мүшесі Юнус Қадырқұлұлы жастарға Рамазан айының қадір-қасиеті, ораза амалы, Қадір түні жайлы уағыз-насихатын ақсақалдар қауымы өнегелі әңгімелерімен жалғады.

Атап айтқанда, Қажылар қауымдастығының Маңғыстау филиалының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы, қауымдастық мүшелері Саламат қажы Нұрұлы, Оңайбек қажы Нұрасылұлы, қоғам белсендісі, қажы Жәнібек Қожық сынды ел ағалары елдің ертеңі білімді де білікті жастардың қолында жарқын болуы тиіс екенін атап өтіп, қазақ халқының дәстүріне жіті мән беру керектігін, онда ұрпаққа беретін жеткілікті ілім, насихат бар екенін, салтымызды сақтай отырып, үзілген алтын шынжырды қайта жалғау бабаларымыз өсиет еткен жолмен жүру, «Бабадан үлгі – баладан амал» қағидасын ұстану қажет екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жоғары оқу орнында біліммен бірге рух азығын қатар ұстауға ықыласты жастарға зор сенім білдірді.

Өз кезегінде Шахмардан Есенов атындағы университет президенті Берік Бақытжанұлы Қажылар қауымдастығының Маңғыстау филалына студент жастарға ауызашар дастарқанын ұйымдастырып, кездесіп, өмірлік азық болар насихат сөздерін, баталы тілектерін білдіргені үшін алғысын айтты.

Маңғыстау облыстық қажылар қауымдастығы