blog Images

Рамазан қарсаңында арнайы брифинг өтті

Алланың қалауымен, наурыздың 23-і күні қасиетті Рамазан айы басталады. Осыған орай Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде брифинг өткізілді.

Баспасөз өкілдерінің сұрақтары мен жамағаттан келіп түскен сауалдарға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы мен Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Жарылқапұлы жауап берді.

«Ораза тұтқан жандарға облыстық «Бекет ата» мешіті жанынан арнайы ауызашар шатыры тігіледі. Онда күн сайын 400 кісіге ауызашар дастарқаны жайылады. Ал, өңір аумағындағы өзге мешіттерде күн сайын 5 мыңға жуық адамға ауызашар беріледі. Сондай-ақ, Құран әліппесі мен намаз үйрену курстары тегін ұйымдастырылатын болады.

Рамазан айы — Аллаға құлшылық етуге, ізгі амалдар істеуге, бойдағы иманды күшейтуге мүмкіндік беретін аса берекелі ай. Биыл өңіріміздегі 40 мешіттің 20-сында тарауық намазы, хатым Құран оқылатын болады» деді Әнуар қажы Ізімбайұлы.

Дін қызметкерлерінің айтуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнін қасиетті қадір түні деп белгілеген. Ал, 21 сәуір – Ораза айт мерекесі. Сондай-ақ, пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелетінін хабарлады.

«Биыл пітір садақаның мөлшері — 535 теңге. Дәулетті адамдар садақаны құрма, мейіз бағасымен де беруіне болады. Підия (фидия) төлеуге шамасы келмейтін мұсылмандар пітір құнымен де підия бере алады. Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын», — деді облыс бас имамы.