blog Images

Рамазан айы қарсаңында БАҚ өкілдерімен арнайы брифинг өтті

Маңғыстау облысы әкімдігінің «Қоғамдық коммуникация орталығында» қасиетті Рамазан айына қатысты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылды.

Баспасөз өкілдерінің және жамағаттан келіп түскен сауалдарға Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Жұмабай Қуандықұлы жауап берді.

Наиб имам өңір тұрғындарын берекелі де кешірімі мол, он екі айдың сұлтаны болған мүбәрак Рамазан айының басталуымен құттықтап, қасиетті айда мешіттерде атқарылатын рухани және қайырымдылық шараларына тоқталды.

«Рамазан айы – Алла Тағалаға құлшылық етуге, ізгі амалдарды көбейтуге, бойдағы иманды күшейтуге мүмкіндік беретін аса қасиетті әрі берекелі ай. Биыл қасиетті Рамазан айы ақпан айының 18-інен 19-ына қараған түні басталады. Қадір түні қасиетті айдың соңғы он күндігінің бірінде өткізіледі. Ораза айт мерекесі Рамазан айынан кейін аталып өтеді.

Осы орайда, биыл да Маңғыстау өкілдігі бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры қасиетті айда бірқатар қайырымдылық жобаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, «30 күнде – 30 игі іс» жобасы жалғасын табады.

Рамазан айында өңір мешіттерінде күн сайын ауызашар дастархандары жайылады. Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау мақсатында қайырымдылық шаралары өткізіледі. Сонымен қатар, Құран әліппесі мен намаз үйрену курстары тегін жүргізіліп, рухани кештер ұйымдастырылады. Қарилар хатым Құран түсіріп, Қадір түнінде арнайы бағдарламалар әзірленеді. Айт мерекесі ұлттық нақышта аталып өтеді.

ҚМДБ Төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасына сәйкес 735 теңге болып бекітілді. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асының құны негізінде 4000 теңге болып белгіленді. Шамасы келмеген азаматтар оразаның әр күні үшін пітір садақасының мөлшерін бере алады. Дәулетті кісілер пітір садақасын құрма немесе мейіз бағасымен де беруіне болады. Підия төлеуге шамасы келмейтін мұсылмандар пітір құнымен де бере алады.

Сондай-ақ, өңір кәсіпкерлерін, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметіне халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мүмкіндігінше жеңілдік жасап, бағаны 10 пайызға дейін төмендетуге шақырамын», – деді наиб имам Жұмабай Қуандықұлы.