blog Images

ҚҰРБАН АЙТҚА ОРАЙ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН БРИФИНГ ӨТТІ

Бүгін Маңғыстау облыстық қоғамдық Коммуникация орталығында биылғы Құрбан айт мерекесіне байланысты брифинг өтті.

Брифингке Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы,МО санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Баян Сатқанбаева және МО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Абай Базарбаев қатысты.Әнуар Ізімбайұлы барша Маңғыстаулықтарды ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне жолдаған құттықтауын жеткізді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан айт күндері 27-28-29мамыр күндеріне тура келетінін айтқан болатын. Бүгінгі брифингте облыс бас имамы Маңғыстау облысы бойынша 27 мамыр күні таңғы сағат 6:30 -да айт намазы оқылатынын айтты. Сондай-ақ онлайн түрде тапсырыс берушілер үшін «qurban.muftyat.kz» сайты қайта іске қосылғанын жеткізді. Құрбандық етін алуға өтініштер осы «qurban.muftyat.kz» сайты арқылы қабылданады.

Сондай-ақ бас имам Құрбан айт мерекесіне орай мешіттерде өткізілетін іс-шаралар бағдарламасымен таныстырды. Қала мешіттерінде айттық көңіл күй сыйлау мақсатында киіз үйлер тігіліп, айттық дастархан мен дәм ұсынылады. Мешіттерде балаларға айттық тәттілер таратылып, түрлі ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады.

Брифинг барысында облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы БАҚ өкілдерінің Құрбан айтқа қатысты сұрақтарына жауап беріп, қала тұрғындарын құрбандық шалынатын орындардағы тазалыққа аса мән беруге шақырды.