ҚҰРБАН АЙТҚА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
ҚМДБ Маңғыстау облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен алда келе жатқан Құрбан айт мерекесіне дайындық жұмыстарын пысықтауға арналған арнайы жиын өтті.
Басқосуға өңірдегі қала және аудан имамдары мен жауапты мамандар қатысты.
Жиында облыстық мешіттің наиб имамы Қайрат Қошкелдіұлы Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, мешіттер жанынан бекітілген арнайы мал сою орындарын талапқа сай әзірлеу, тазалық жұмыстарын күшейту, мал сою барысында шариғи және санитарлық талаптардың қатаң сақталуын бақылау мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ мал базарларында құрбан шалдырушы азаматтарға арнайы күту аймақтарын дайындау, ұйымдастыру тобы мен еріктілерге бірыңғай киім үлгісін әзірлеу, қасапшыларға арнайы семинарлар өткізу қажеттігі айтылды.
Жиын барысында Құрбан айт мерекесіне орай облыстық, қалалық және аудандық мешіттер жанынан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын түрлі рухани-мәдени шаралар ұйымдастырылатыны айтылды. Атап айтқанда, жамағаттың ауызбіршілігін арттыруға бағытталған ұлттық ойындар өткізіліп, қарттар үйі мен балалар үйіне құрбандық еттері таратылып, арнайы айт дастархандары жайылмақ.
Жиында ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының өңірдегі жауапты маманы Байкенже Серікбайұлы Құрбан айт күндеріндегі қайырымдылықтың маңызы, және мұқтаж жандарға қолдау көрсетудің сауабы жөнінде насихат айтты.
