«Құран – мұғжиза» атты жарыс өтті
Қасиетті Рамазан айының құрметіне Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде «Құран – мұғжиза» атты жарыс ұйымдастырылды.
Жарысқа қатысушылар Құран Кәрімнің 30-шы парасын жатқа оқу бойынша бақ сынасты. Құран жарысына білікті дін қызметкерлері төрелік етті.
Баға беру барысында үміткерлердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына аса мән берілді.
«Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында тек сауапты істер ғана емес, танымдық-тағылымдық шаралар өткізген де абзал. Отыз күн ораза ұстап нәпсіден тиылған жұрт осы айда Құранның мағынасына терең үңіліп, оның сырын ұғынуға құлшынуы керек. Бүгінгі жарысқа жамағат өкілдері белсене қатысып, Құран Кәрімді қадіріне жете оқыды. Дін насихатпен тарайды. Біздің шақыруымызды қабыл алып қатысқандарыңызға Алла Тағала разы болсын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын», деді Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Құрманбек Лашкарбекұлы.
Жарыс нәтижесі төменде:
І орын – Бақытжан Өскінбайұлы;
ІІ орын – Сейітмұратов Палуанмұрат;
ІІІ орын – Бейбарыс Қияш.
Жүлделі орын иегерлеріне сәйкесінше 100, 70, 50 мың теңге қаржылай сертификаттар табыс етілді.