«Құран – ең асыл мұра» тақырыбында кеш ұйымдастырылды
Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде кішкентай шәкірттердің діни сауат ашу курсын аяқтауына байланысты «Құран – ең асыл мұра» атты кеш ұйымдастырылды.
Рухани шара барысында шәкірттер Құранның адам өміріндегі маңызы жайлы аяттарды оқып, тақырыпқа қатысты ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін жатқа айтты. Сондай-ақ, кеште қызықты да ғибратты «Ата мен немере» және «Ара мен шыбын» атты қойылымдар қойылды.
Облыстық мешіт ұстазы Айнұр Өмірзаққызы Құранға түскен 40 шәкіртіне тәж кигізіп, Құран Кәрімді сыйға тартты.
Өз кезегінде Маңғыстау өңіріндегі «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Ұлдаулет Қоңыратбайқызы уағыз-насихат айтып, Айнұр Өмірзаққызына мешіт атынан алғыс хат табыстап, бешпет кигізіп, сыйлық табыс етті.
Кешке көрермен ретінде қатысқан ата-аналар балалардың өнеріне дән риза болып, ұстаздарға шексіз алғыстарын білдірді.