Қарияларға көңіл бөлінді
Ақтау қаласындағы «Ержан Хазірет» мешітінің ұстаздары және жамағаты «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» болды.
Мешіт ұстаздары Айнұр Өмірзаққызы және Рыскүл Мамадияр бастаған әйел жамағаты төсек тартып жатқан қарияларға жолығып, дендеріне саулық тілеп, арнайы сый-сияпаттарын табыстады.
Олардың көңілдерін көтеру мақсатында, кішігірім концерт ұйымдастырып, жамағаттың өнерлі, дарынды балалары күй, жыр-терме орындап, Отан туралы өлеңдер оқыды. Ұстаздар хадистерден мысалдар келтіріп, ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге ақжарма тілектерін арнады.
Өз кезегінде ардақты қариялар да қонақтарға ризашылықтарын білдіріп, бата берді.