Қариялар батасы – береке бастауы:Облыс бас имамы қариялармен жүздесті
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің қызметкерлерімен бірге «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» барып, ондағы қариялармен жүздесті.
Кездесу барысында дін қызметкерлері ақсақалдармен жылы сұхбат құрып, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі әңгімелерін тыңдады. Қариялар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, мешіт ұжымына ізгі тілектерін жеткізді.
Бас имам Әнуар Ізімбайұлы қарттарға Алланың разылығы үшін жасалатын жақсылықтың сауапты іс екенін айтып, құрмет көрсету мен қамқор болу – мұсылмандық парыз екенін атап өтті. Сондай-ақ мешіт атынан орталық тұрғындарына сый-сияпат табысталды.
Кездесу соңында қариялар ақ батасын беріп, келген имамдарға алғыстарын білдірді.







