Қадір түні Ар-Рахман мешітінде 4 Кіші қажылыққа жолдама табысталды
Қасиетті Қадір түніне орай Атамекен ауылдық Ар-Рахман мешітінде ерекше рухани шара ұйымдастырылып, жамағат арасында 4 кіші қажылыққа жолдама табысталды.
Ислам ілімдері бойынша (Құран, фиқһ, ақида, сира) өткен ғылыми сайыстың нәтижесінде бірінші ұмра жолдамасын Асылбек бауырымыз жеңіп алды. Алайда ол үлкен жомарттық танытып, өз үлесін Көбейсін бауырымызға сыйға тартты.
Екінші ұмра мешітте ұзақ жылдар бойы ұстаздық әрі имамдық қызмет атқарып келе жатқан Әділ бауырымызға табысталды. Сонымен қатар, жарыс барысында жамағаттың бірлігі мен ықыласының нәтижесінде Көбейсін бауырымыздың анасына және Юнус ұстазымызға да ұмра жолдамалары сыйға берілді.
Осылайша, Қадір түні қарсаңында барлығы 4 ұмра жолдамасы иелерін тапты. Ал тағы бір ұмра жолдамасы алдағы уақытта әйел жамағаты арасында ойнатылмақ.
Бұл игі шара жамағат арасындағы бауырмалдық пен жомарттықтың, бірлік пен ізгіліктің жарқын көрінісіне айналды. Осындай сауапты іске ұйытқы болған барша демеуші азаматтарға Алла Тағала разы болып, жасаған қайырымдарын еселеп қайтарсын!
