«Пайғамбар хадистері мен қазақ мақал-мәтелдері» кітабы жарық көрді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Muftiyat» баспасынан «Пайғамбар хадистері мен қазақ мақал-мәтелдері (ұқсастықтары мен ерекшеліктері)» кітабы жарық көрді. Кітап авторы – ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы Батыржан Мансұров.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бүгінде мүфтият күнделікті жұмыс барысында бес бағытқа басымдық береді. Бес бағыттың бірі – дін мен дәстүр. Қазір дін мен дәстүр сабақтастығын кеңінен насихаттау мақсатында түрлі деңгейдегі қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырып келеміз. Қолдарыңызға тиіп отырған бұл кітап Пайғамбар хадистері мен мақал-мәтелдеріміздің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін баяндайды» деп атап өтті.
Автордың айтуынша, кітапта Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің қазақ мақал-мәтелдеріндегі орны, ұқсастықтары мен ортақ тұстары ғылыми негізде салғастыра зерттелген. Еңбекте Мұхаммед Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері бойынша дереккөз ретінде «Кутубу әс-ситта» авторлары мен басқа да хадис жеткізген ғалымдардың мұсылман қауымына ұсынған іргелі еңбектері пайдаланылған.
Кітап хадис мәтіндері мен тарихын, әдіснамасын зерттеуші ғалымдарға, сондай-ақ дінтану пәндерінен бөлек тіл білімі саласының мамандарына, жалпы оқырмандарға арналған.