blog Images

Облыстық мешітте Құрбан айт мерекесі ұлттық нақышта аталып өтті

Мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі Құрбан айттың құрметіне орай Маңғыстау облыстық орталық “Бекет ата” мешітінің ауласында ауқымды мерекелік іс-шара өтті.

Облыстық  мешіт ауласында қазақы ақбоз үйлер тігіліп,жамағат арасында ұлттық ойындар қазақша күрес,қол күрес, гір тасын көтеру,асық ату,ләңгі тебу секілді спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, мерекелік шара барысында ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен әсем ән-күйлер орындалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік жиынға облыстың құрметті ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Түркия, Иран, Әзірбайжан және Өзбекстан елдерінің консулдық өкілдері арнайы қатысты. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында бас қосып, ынтымақ пен достықтың, татулық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Жиналған жұртшылық мешіт ауласында жайылған айттық дастарханнан дәм татып, бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізіп жатты.

Ұлы мерекеге орай,бүлдіршіндерге  көңіл күй сыйлап, рухани тәрбиеге баулу мақсатында айттық тәттілері үлестіріліп,балаларға арналған ойын батуттар  тегін қызмет ұсынды.