Облыстық «Бекет ата» мешітінің жамағаты Қадір түнін қарсы алды
Қадір түнінің құрметіне Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде арнайы шара ұйымдастырылды.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы құлшылық үйіне жиналған қауымды мың айдан да қайырлы түнінің келуімен құттықтап, бұл мезгілдің қадір-қасиеті жайлы тұщымды уағыз айтты.
Бас имам уағызынан кейін Сақи қари Мұхтарұлының имамдық етуімен тарауық намазы оқылып, Құран хатым дұғасы жасалды. Мыңдаған жамағат қол жайып, Аллаға дұға еткен сауапты сәттен соң көпшілікті әуезді үнімен Құран сөзіне сусындатқан қариымызға құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды.
Адамзатқа Құран Кәрімнің аяттары түсіріле бастаған қасиетті түні таң атқанша құлшылық жасаған жандар бір-біріне оқылған дұға-тілектері қабыл болуын айтып тарқасты.