ОБЛЫС БАС ИМАМЫ БЕЙНЕУ АУДАНДЫҚ МЕШІТІНДЕ НАСИХАТ АЙТТЫ
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Бейнеу ауданына жасаған іссапары барысында «Ыбырайым ахун» мешітіне арнайы барып, мешіт жамағатымен кездесті.
Кездесу барысында облыстың бас имамы «Көркем мінез – мұсылманның көркі» тақырыбында тағылымды насихат айтып, Ислам дініндегі әдеп пен адамгершіліктің маңызына кеңінен тоқталды.
Әнуар Ізімбайұлы көркем мінездің иманның кемелдігін айқындайтын асыл қасиеттердің бірі екенін атап өтіп, жамағатты сабырлылыққа, кешірімділікке, мейірімділік пен өзара сыйластыққа үндеді. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен мысалдар келтіріп, мұсылман баласының қоғамда жақсы мінез-құлқымен үлгі болуы қажеттігін жеткізді.
Тағылымды жүздесу соңында жамағат көкейдегі сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
