Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қарағанды облысына барған сапарында «Әнет баба» мешіті жанындағы «Дін мен дәстүр» бөлмесінің ашылуына қатысты.
«Барлық адам баласы бір ата мен анадан тараған. Десе де әр халықтың өзіне тиесілі алуан-түрлі әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бар. Алла Тағала ұлыстар мен тайпаларды бір-бірін тану үшін жаратқан. Әр халықтың өзін танытатын салт-дәстүрі бар. Егер салт-дәстүрі жойылса, сол халықтың өзі де жойылары сөзсіз. Діннің мақсаты белгілі бір ұлттың дәстүрін, әдет-ғұрпын мансұқтау емес. Ислам діні бүкіл халықты дәстүрі мен құндылығын сақтау арқылы надандық соқпағынан алып шығады. Әрине, шариғатқа қайшы келетін дәстүрді ұстануға рұқсат бермей, тыйым да салады. Бұл ұстаным жайында дана халқымыз «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Демек бұл ұстаным шариғат қағидасымен ұштасып жатқанын айта аламыз» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Игі іс-шара барысында Бас мүфти бүлдіршіннің тұсауын кесіп, арнайы дұға жасады.