blog Images

«Насихат керуені» Жаңаөзенде жұма уағызын жүргізді

Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлының бастамасымен «Насихат керуені» Жаңаөзен қаласында жамағатпен жүздесіп, жұма уағыздарын жүргізді.

Облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш Қожа» мешітінде «Суицид – ауыр күнә» тақырыбында жұма уағызын айтты. Уағыз барысында адам өмірінің қасиеттілігі, қиындыққа сабырмен қарау, үмітсіздікке бой алдырмау және ислам дінінде жанға қастандық жасаудың ауыр күнә екені кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ, жамағатқа Алланың рақымынан үміт үзбеу, кез келген сынақтың артында жеңілдік бар екені насихатталды.

Сонымен қатар, «Насихат керуені» құрамындағы дін қызметкерлері Жаңаөзен қаласына қарасты мешіттерде жұма уағыздарын жүргізді:

  • Ақтау қалалық «Ержан хазірет» мешітінің  имамы Ахлиддин Мирсаидұлы – Теңге ауылдық «Қосай ата» мешітінде;
  • Ақтау қалалық «Шопан ата» мешітінің наиб имамы Айдос Жамбылұлы – «Оразмағанбет ахун» мешітінде;
  • РАНТ мүшесі,«Ар-Рахман» мешітінің бас имамы Юнус Қадырқұлұлы – «Мұханмедин Шихыұлы» мешітінде;
  • Басқұдық ауылдық «Төлей ишан» мешітінің бас имамы Наурызбай Құралбайұлы – Теңге ауылдық «Сәби Атабайұлы» мешітінде жұма уағыздарын жүргізді.

«Насихат керуенінің» басты мақсаты – жамағаттың діни сауатын арттыру, имандылық пен отбасы құндылықтарын дәріптеу, қоғамда ізгілік пен бірлікті нығайту болып табылады.