НАИБ МҮФТИ ТАРИХИ ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫН АРАЛАДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек қажы Қасболатұлы Маңғыстау облысына жасаған іссапары аясында дін қызметкерлерімен бірге Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейін аралады.
Музей экскурсиясы барысында қонақтар «Өлке тарихы», «Этнография» және «Археология» залдарын аралап, өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Экспозициялар арқылы Маңғыстау өлкесінің тарихы, ұлттық құндылықтары, елге белгілі тұлғалары және археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлер жайлы кеңінен мағлұмат берілді.
Сондай-ақ музей қызметкерлері өңірдің рухани-мәдени ерекшеліктері мен тарихи мұралары туралы баяндап, жәдігерлердің маңызына тоқталды.
Кездесу соңында облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы музей ұжымына алғысын білдіріп, ұлттық мұраны насихаттау мен жас ұрпаққа рухани тәрбие берудегі музейдің рөлі ерекше екенін атап өтті.
