Наиб мүфти «Өрлеу» қоғамдық бастамасының жиынына қатысты
ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл «Өрлеу» қоғамдық бастамасының 2023 жылғы жұмыс жоспарына арналған кеңеске қатысты.
Мәжілісте сөз алған наиб мүфти: «Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы ізгі қоғам болуымыз үшін біз әлбетте жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйуымыз керек. Бұл – бізге жүктелген 40 парыздың бірі. ҚМДБ мешіттерінде бір жылда 52 жұма уағызы айтылса сол уағыздардың бірі нашақорлық пен есірткінің зиянына қатысты болады. Біздің имамдарымыз да күнделікті уағыз-дәрістерінде бұндай күнәлі істерден сақтандырып отырады. Ата-аналармен, балалармен және мұғалімдермен бірлесе отырып осындай жаман істерге қарсы күрес жүргізер болсақ, жеңеріміз хақ. Біз қандай да бір зұлымдыққа қарсы жиналыс яки кеңеске қатысар болсақ, әлбетте ол – Алла Тағаланың жақсы көретін отырысы. Сондықтан осындай ізгі мақсаттағы жиынға шақырғандарыңызға алғысымды білдіремін» деді.