blog Images

НАИБ МҮФТИ ИМАМДАРҒА «КОНЦЕПТУАЛДЫ ҚҰЖАТТАР»ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

ҚМДБ төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бағдарлық баяндамасы аясында имамдардың білімі мен біліктілігін арттыру жоспарына сәйкес, наиб мүфти Ермек қажы Қасболатұлы Маңғыстау облысына қарасты дін қызметкерлеріне арналған «Концептуалды құжаттар» тақырыбында семинар өткізді.

Семинарға өңірдегі қала, аудан мешіттерінің имамдары мен дін қызметкерлері қатысып, ҚМДБ бекіткен маңызды құжаттар мен діни қызметтегі негізгі бағыттар кеңінен талқыланды.

Жиын барысында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қабылдаған концептуалды құжаттарды таныстырып, олардың қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтау мен діни қызметті жүйелі жүргізудегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар құжаттардың дін қызметкерлерінің жұмысын біріздендірудегі рөлі туралы баяндады.

Өз кезегінде наиб мүфти Ермек қажы Қасболатұлы діни саладағы жауапкершілік, бірлік пен дәстүрлі құндылықтарды насихаттаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ ҚМДБ құжаттарын халық арасында кеңінен түсіндіру және оны іс жүзінде тиімді жүзеге асыру бағытында бірқатар тапсырмалар берді.