Наиб мүфти – Атырау өңірінде
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар Атырауға ресми іссапармен барды.
Сапар барысында наиб мүфти «Әт-тақуа» мешіті жанынан заманауи жабдықталып, кәсіпкерлердің қолдауымен пайдалануға берілген «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының ашылуына қатысты.
«ҚМДБ «Қамқор – Шарапат» орталығын ашқан болатын. Мұндай орталықтарда дүниеден өткен адамды ақтық сапарға шығару кебіндеу, жуындыру сынды жоралғылар шариғи тұрғыда жасалады. Бұл жоба қоғам талабына, заман сұранысына сай қолға алынып отыр» деп атап өтті Ершат Ағыбайұлы.
Бұдан кейін наиб мүфти «Иманғали» орталық мешіті жанынан ашылған Құран жаттау және діни сауат ашу орталығы жанынан ашылған жатақхананың ашылу рәсіміне қатысты.
«Аллаға шүкір, мешіттеріміздің жанынан діни сауат ашу, құран жаттау орталықтары көбейіп келе жатыр. Бұл өз кезегінде сапалы әрі жас мамандар даярлауда имам-ұстаздарымызға үлкен көмек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі діни білім және кадр даярлау. Осы бағыттағы жұмыстарымыз жалғасын табады» – деді Ершат ағыбайұлы.
Еске сала кетсек, бүгінде орталықта 30 шәкірт білім алуда. Орталықты 2021 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы ашқан болатын.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы Атырау қаласында салынып жатқан Қайырымдылық мекемесінің құрылысымен танысты. Жұлдыз ықшамауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасов мешіті маңынан салынып жатқан мекеме құрылысы 2021 жылдың маусымында басталған болатын.
Төрт қабатты мекеме – білім беретін орталық, спорт залы, жатақхана және асханасы бар заманауи форматтағы мекеме болады деп күтілуде. Құрылыс барысымен танысқан наиб мүфти Ершат Оңғаров сапаға жұмыс істеуді тапсырып, бірқатар міндеттер жүктеді.
Сапар қорытындысында наиб мүфти Атырауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан берілген ауызашарға қатысты. Еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, руханият, мәдениет саласы қызметкерлері мен жергілікті журналистер қатысқан іс шара 150 адамды қамтыды.
Ершат Ағыбайұлы Рамазан айының қадір-қасиеті, дін мен дәстүрді насихаттау мақсатында мүфтият тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтты. Сондай ақ, белгілі меценат Төкен Танаұлы, Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Мұрат Сақтайұлы лебіздерін білдірді.
Еске сала кетсек, Атырау облысында мешіттерде күнделікті 3800 адамға ауызашар берілуде. Тарауық намазына қатысушылар үшін 29 күн бойы орталық мешітте тегін автобустар қызмет көрсетті.