blog Images

Маңғыстаулық қажылардың алғашқы легі қажылық сапарына аттанды

Ислам дінінің бес парызының бірі — қасиетті қажылық сапарына ниет еткен қажылардың алғашқы легі Ақтау қаласының халықаралық әуежайынан қасиетті сапарға аттанды.

Қажыларды ұлы сапарға шығарып салуға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы арнайы қатысып, қажыларға ақ жол тіледі. Сонымен қатар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфтидің арнайы сәлемі мен құттықтауын жеткізді.

Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық Қажылар қауымдастығының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы қажыларға ақ батасын беріп, ізгі тілегін айтты.

Айта кетейік, қажылық сапарына аттанған отандастарымызға «Tawaf Travel», «Хидаят-Нұр», «Atlas» және «Хикмет» қажылық компаниялары қызмет көрсетуде. Биыл Ақтау халықаралық әуежайынан алғашқы лекпен 179 қажы қасиетті сапарға жол тартты. Олардың қатарында Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының қажылары бар.

Қажылар отандық халықаралық «Air Astana»әуе компаниясымен қажылық сапарын орындайтын болады.

Алла Тағала барша мұсылман баласына қасиетті қажылықты нәсіп етсін! Қажылық сапарына аттанған отандастарымыздың қажылығы қабыл болып, дұға-тілектері қабыл болып, елге аман-есен оралуын тілейміз.