blog Images

Маңғыстауда «Тазару күні» аясында ауқымды сенбілік өтті

23 наурыз күні Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы және Наурызнама аясындағы «Тазару күніне» орай кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында өңірдің барлық елді мекендерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, жасыл желектер отырғызылды. Сенбілікке Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді үлес қосуға шақырды.

Өңір басшысы өз сөзінде:

– Наурыз – жаңару мен тазарудың белгісі. Егілген әрбір тал – жаңа өмірдің нышаны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл кезең – тек табиғатты емес, адамның ойы мен ниетін де тазартатын уақыт. «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік науқан емес, ол қоғамның өмір салтына айналуы тиіс, – деп атап өтті.

Акцияға үш мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, қала және аудан тұрғындары, этномәдени бірлестіктер өкілдері, спортшылар мен еріктілер бар. Қатысушылар елді мекендерді тазалап, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Сенбілік нәтижесінде: Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата»мешітінің ауласына 344 ағаш көшеті отырғызылды,76 арнайы техника жұмылдырылды,349 тонна қоқыс шығарылды,69,4 гектар аумақ тазартылды.

Сонымен қатар, акция аясында сүңгуірлер Каспий теңізі жағалауында су астындағы қоқыстарды тазарту жұмыстарын жүргізіп, шамамен 50 метр тереңдік пен 500 метр аумақты қамтыды.

Шара барысында қатысушыларға ыстық шай мен бауырсақ ұсынылып, белсенділік танытқан азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.