Маңғыстауда тасаттық намазы оқылды
Маңғыстау облысына қарасты мешіттерде тасаттық намазы оқылып, жаңбыр тілеу дұғасы жасалды.
Көктем айларының жауынды болуын тілеген жергілікті дін қызметкерлері және жамағат Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарында орналасқан құлшылық үйлерінде арнайы тасаттық намазына қатысып, тілек тіледі.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлының сөзінше, мұндағы мақсат өңірімізде жауын-шашын мол болып, көктемде көк мол шықсын деген игі ниеттен туындап отыр.
«Биыл жергілікті азаматтардың өтінішімен тасаттық намазын оқыдық. Жаратушы Алла қабыл етсін. Тасаттықтың мақсаты — өңіріміз бен өлкемізге көктем берекелі жауын нәсіп етіп, малдың жем-шөбінің мол болғандығын қалаймыз. Қуаңшылықтың алдын алу мақсатында тасаттық намаздары бұған дейін де оқылған. Биыл екінші рет оқып жатырмыз. Облыс бойынша әр мешіттің имамы жамағатымен мешіт аумағында оқыды. Намаз оқымастан бұрын осында қалталы азаматтарға хабар беріп, төрт түлік малдың зекетін берейік деп облыстағы бес аудан мен екі қалада әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Көптің тілегі қабыл болады дейді ғой. Биыл жауын-шашын мол болып, келесі Рамазан айына амандықпен жетуді Жаратқан Алла нәсіп етсін», деді облыс бас имамы.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты, кейбір елді мекендерде тасаттық намазы мешіттердің ішінде оқылды.