blog Images

Маңғыстау имамдары 2023 жылдың жұмыс жоспарын айқындады

Бүгін Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде бас имам Әнуар қажы Ізімбайұлының төрағалығымен өңір имамдарының алқалы жиыны өтті.

Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарына қатысты мешіттердің бас имамдары, наиб имамдары және ұстаздары қатысқан жиналыста облыс бас имамы «Ислам және ізгі қоғам» жылында баса назар аударылуы тиіс бес бағыт: «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту» және «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бойынша ҚМДБ тарапынан бекітілген жұмыс жүргізу жоспарын таныстырып, дін қызметкерлерін аталған іс-шараларды жүзеге асыруда табанды әрі жігерлі болуға шақырды.

Бұдан бөлек, жиналыс барысында ҚМДБ тарапынан қабылданған пәтуаларды халыққа таныстыру, салттық қызмет көрсету жұмысымен айналысатын «Qamqor-Sharapat» мекемесінің қызметін түсіндіру, дін қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге арналған семинарлар мен курстарды ұйымдастыру сияқты сұрақтарға көңіл бөлініп, имамдардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Жиын соңында 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңіріміздегі мешіт істеріне жауапты облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Қайрат Қошкелдіұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен марапатталды.