Мәуліт-ізгілік мерекесі
Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам Мәуліт мерекесі деп аталады. Қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту – құптарлық жақсы амал. Мұсылмандардың өміріндегі басты идеал болуы тиіс пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі өмірі мен өсиетін, тығылымы толассыз ғибратты ғұмырын халқымызға насихаттау – баршаға ортақ игі іс.
Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят). Салауат айтудың пайдасы зор. Ол біздің барлық өмірімізді қамтиды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім маған күніне 100 рет салауат айтса, Алла соның қажетін ашады»-деген. Салауат айту уайым мен қайғыдан арылтады. Пайғамбарға салауат айту – құлшылықтың қабыл болуының, деннің сау болуының кепілі. Бұл жүрек нұры. Алла елшісіне салауат айту – Алла Тағаланың өз құлының құлшылығы мен ісін қабыл етуіне себеп болмақ.Ұлы сахабалардың бірі Убай ибн Каб: «О Алланың елшісі! Мен Алла Тағаладан мені саған салауат айтушылардың бірі етуін сұраймын. Мен саған қанша рет салауат айтайын?»-деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қанша қаласаң сонша»-дейді. Сахаба: «Мен салауатқа уақытымның төрттен бірін арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы» -дейді. Сонда сахаба: «Мен салауатқа уақытымның жартысын арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы»-дейді. Сахаба: «Мен салауатқа уақытымның үштен екі бөлігін арнаймын»-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қалауың білсін, егер арттырсаң одан да жақсы»-дейді. Сахаба: «Онда мен саған әрдайым салауат айтатын боламын»-дейді. Сонда Алланың елшісі: «Сен уайымнан құтыласың және сенің күнәларың кешіріледі»-деген екен. Олай болса, бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген Елшінің (с.ғ.с.) есімін ардақтау, сүннетіне амал ету – сауапты іс.
Шарапаты мол Мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай.