«Көршіңе қуаныш сыйла!»:Құрбан айтта ұлттық дәстүр дәріптелді
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне орай бекіткен жоспарға сәйкес, татулық пен бауырмалдықты нығайту, көршілік қарым-қатынасты арттыру мақсатында «Көршіңе қуаныш сыйла!» атты игі бастама кеңінен насихатталды.
Аталған бастама аясында ауызбіршілігі жарасқан 40 көрші Құрбан айт мерекесін бірлесе атап өтіп, үй ауласына ақбоз үй тігіп, тағылымды мерекелік шара ұйымдастырды. Кеш барысында ұлттық аспаптармен күмбірлеген күй тартылып, жыр-термелер орындалды. Ақ дастархан жайылып, ұлттық ойындар ойнатылып, көршілік сыйластықтың жарқын үлгісі көрініс тапты.
Мерекелік шараға Маңғыстау облыстық қажылар қауымдастығының төрағасы Қуанышбек қажы Спанұлы, облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қария Өмірзақ Озғанбайұлы қатысып, бірлігі бекем көршілерді қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.
