«Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өтті
ҚМДБ-ның «Дін мен дәстүр»,»Ізгі қоғам» бағыттары аясында Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің кітапханасында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды.
Қоғамды ізгілендіру бағытының бірі- кітап оқу мәдениеті. Кітап оқу адамның білімді болуына үлкен үлес қосатын амал болғандықтан кітап оқу және ілім үйрену тақырыптары бір-бірімен тығыз байланысты.Акцияның мақсаты — кітапхана қорын толықтыру, еңбекті сүюге, жалпыұлттық құндылықты әрбір жастың бойына сіңіруге, білімді де мәдениетті болып тәрбиеленуіне үлес қосып, жастардың кітап оқуы үшін оларды кітапханаға тарту.Ата бабамыз «Оқу білім бұлағы» деп бекер айтпағаны анық. Ал білім үйренуге келсек, білімге кітап оқусыз жете алмасымыз да шындық.
Облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра – кітап екендігін, өткеннің рухы, келешектің кілті, мәдениеттің биік шыңы да осы кітапта жатқандығын айтып, жастарды кітап оқуға, сол арқылы білімдерін жетілдіруге шақырды. Акция соңында шараға қатысушылар әкелген кітаптарын кітапхана қорына табыстады.
Айта кетейік,қазіргі таңда облыстық орталық мешіттің екінші қабатында арнайы кітапхана жұмыс жасап тұр.Мешітке келуші жамағатқа кітап оқып,білім алуына мүмкіндіктер қарастырылған .
Оқу – Алла Тағаланың адам баласына берілген ең ұлы нығметтердің бірі. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде: «Құранды үйреттік», — деп баяндайды (Рахман-2). Яғни аятта Алла Тағала адам баласына оқуды үйреттік дейді. Сондықтан асыл дініміз адам баласын көп оқуға, білімді болуға, адамдарға пайдалы ғылыммен айналысуға үндейді.