«Кітап-рухани қазына»:Зағип жандар арасында білім сайысы өтті
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес, зағип жандардың білім алуына қолдау білдіру және оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Осы бағытта, бүгін Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата»мешітінің кітапханасында зағип жандар арасында кітапты мәнерлеп оқудан ерекше байқау өтті.
Тағылымды шара барысында қатысушылар Брайль әріптерімен жазылған әдеби кітаптар бойынша мазмұнын баяндап, белгіленген уақыт ішінде мәнерлеп оқу шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар, байқау аясында сұрақ-жауап кезеңі өткізіліп, үміткерлердің білім деңгейі мен ойлау қабілеті сараланды.
Жиынға қатысқан облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы сөз сөйлеп, барша қатысушыларға алғыс білдіріп, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, мұндай игі бастамалардың қоғамдағы маңызына ерекше тоқталды.
Маңғыстау облыстық қажылар қауымдастығының ақсақалдары Базарбай Әбдірахманов және Оралбек Асылбекұлы ақ баталарын беріп, барша қатысушыларға ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, жас буынның білім жолындағы ізденістеріне береке тілеп, рухани кемелденуіне ақжарма тілектерін арнады.
Іс-шара соңында үздік деп танылған қатысушылар арнайы марапатталып, қаржылай сыйлықтар табысталды.
