«Ислам және отбасы құндылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Қасиетті Рамазан айында Жаңаөзен қаласы орталық «Әбіш қожа» мешітінде қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналған отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлі, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Қала әкімнің орынбасары Нұрберген Өтебайұлы және қаланың бас имамы Юнус Қадырқұлұлы бірлесе жүргізген шараға ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, мектептер жанындағы ата-аналар комитетінің мүшелері, қоғам белсенділері, сондай-ақ қалалық білім бөлімінің мамандары, денсаулық сақтау ісінің өкілі және қалалық полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы қатысты.
«Мемлекетті қорғау үлкен міндет болса, осы Отанды құраушы отбасы құндылығы әрбір саналы жан үшін де өте маңызды болуы қажет. «Отан – отбасынан басталады» деп, кешегі өткен бабаларымыз артында мәні терең сөз қалдырды. Ата-ананың оң тәлім-тәрбиесін көріп өскен буын бүгінгі күнде орын алып отырған азғындыққа бармайды. Отанының толыққанды саналы азаматы болып өседі. Ел игілігі үшін қызметті әрбір отбасы өз шаңырақтарынан бастаса – абзал болмақ», деді алғы сөзді алған қала әкімнің орынбасары Нұрберген Өтебайұлы.
Өз кезегінде қала бас имамы Юнус Қадырқұлұлы мен «Әбіш қожа» мешітінің наиб имамы Қажымұқан Дауылбайұлы дәстүрлі дініміздегі отбасы құндылықтарына қатысты тәрбиелік мәні бар ақпараттар берді.
Айта кетейік, шара Жаңаөзен қаласының әкімі жанындағы отбасы, әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі үйлестіру Кеңесінің жоспары аясында өткізілді.