«Ғаламға рақым болған – Әз Мұхаммед» рухани Мәуліт кеші өтті
Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Ғаламға рақым болған – Әз Мұхаммед» атты рухани Мәуліт кеші өтті.
Кештің шымылдығын ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы ашып, ҚМДБ төрағасы,Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ізгі сәлемін жеткізіп,барша жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтады.
Рухани жиын«Ғаламға рақым болған – Әз Мұхаммед» атты арнайы интромен ашылды. Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі, «Мен қазақпын» мега жобасының жеңімпазы Оспан Құлсымақ Сәттіғұл Жаңғабылұлының «Насихат сөзін» орындады.
Сонымен қатар Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының артистері Алмас Темірбайдың «Уақыттың қадірі» шығармасын орындап, көрермен назарына «Бір шаңырақтың тағдыры» атты тағылымды көріністі ұсынды.
Қазақстан Республикасының Өнер қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, ақын, термеші әрі сазгер Жәкен Омаров «Мәуліт жырын» орындаса, Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі Екпін Толқынхан «Ағайынның арасы» термесін шырқады. Ал дәстүрлі өнердің насихатшысы, жыршы-термеші, республикалық байқаулардың лауреаты Бақтыбай Елеусін «Пайғамбарға арнау» шығармасын орындады.
Кештің арнайы қонағы, елімізге белгілі дінтанушы, исламтанушы, уағызшы әрі ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбет «Адалдық – Пайғамбар аманаты» тақырыбында тағылымды насихат айтып, адалдық пен көркем мінездің Ислам дініндегі орнына кеңінен тоқталды.
Рухани шара аясында «Мәуліт сыйы» атты қайырымдылық көмек көрсетіліп, 10 азаматқа (100 000 теңге) көлемінде қаржылай көмек табысталды. Атап айтқанда, Бахытджан Дамир Ғалымбекұлы, Раймкан Тұрсынбек Асылбекұлы, Қайрат Айсұлтан, Избаганбетов Мақсат Ильясұлы, Наржабаев Нұрсәт Оразбекұлы, Манарбек Мадияр, Аблайхан Бекзат Әділханұлы, Елемесова Бақтыгүл Қуанышбайқызы, Жұматаева Рабиға, Айнұр Джуманбетова және «Облыстық мамандандырылған балалар үйі» мемлекеттік мекемесі ( 500 000теңге)көлемінде қаржылай қолдауға ие болды.
Сондай ақ,кеш соңында ҚР Өнер қайраткері, Философия ғылымдарының кандидаты, ақын, термеші, сазгер Жәкен Омаров рухани шығарма орындады.
Тағылымға толы рухани мәуліт кеші көрермен қауымға ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен сыр шертіп, көпшілікке рухани әсер сыйлады.
