blog Images

Ақтауда өткен футболдан ашық турнирдің жеңімпазы анықталды

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұйытқы болуымен өңірімізге қарасты мешіттердің дін қызметкерлері мен жамағаты арасында футболдан ашық турнир өз мәресіне жетті.

Доп додасының ашылу салтанатына ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Юнус Қадырқұлұлы және Ақтау қаласының бас имамы Құрманбек Лашкарбекұлы қатысып, командаларға сәттілік тіледі.

«Бүгін Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында сіздердің араларыңызда тұрғаныма қуаныштымын. Ислам діні салауатты өмір салтын жақтайды. Барлық жағынан мықты, қуатты мұсылман әлсіз, қуатсыз мұсылманнан артық. Асыл дініміз адамның ой-санасы таза, тәні күшті, дені сау болғанын насихаттайды. Қазақ халқы бұл туралы «Тәні саудың жаны сау» деп, жастарды спортпен айналысуға шақырған. Шейх Али әт-Тантауи спорт туралы ойын былай жеткізеді: «Уа, жастар! Дене шынығумен айналысуларың қажет. Өйткені, ол – қуат. Дене қуаты, ой ұшқырлығы, иман қуаты ер жігіттің көркемдігі. Спорт нәпсінің құлдығынан сақтайтын ең жақсы жол. Спорт – Алланың қойған парыздары мен білім үйренуден кейінгі ең абзал әрекет. Егер спорт харам нәрселермен байланыспаған болса, ол жастарға ең жарасымды уақыт өткізу шарасы болып табылады», деді наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы. 

Наиб мүфти сондай-ақ, мешіт пен жамағаттың бір болуын, ауызбіршілікті сақтаудың бүгінгі кезде аса маңызды екенін айтып өтті.

«Облыстық деңгейде ұйымдастырылған футболдан ашық турнирдің ең негізгі мақсаты – дін қызметкерлері мен мешіт жамағатының арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, өзара ауызбіршілігін күшейту, бауырмалдылықты арттыру. Бүгінгі жарыстың барлық қатысушыларына, әсіресе, алыс аудандардан келген азаматтарға үлкен алғыс айтамын. Сіздерге Алланың нұры жаусын!», деді Құрманбек Лашкарбекұлы. 

Бес айналымнан құралған тартысты турнирдің қорытындысы бойынша Маңғыстау ауданы мешітінің командасы 1 орынды иеленіп, арнайы кубок пен 100 мың теңге жүлдені қанжығасына байлады. ІІ орынға Батыр мешітінің командасы лайық болып, 70 мың теңге жүлде алса, ІІІ орынға облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің командасы табан тіреп, 50 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Жарыс барысында үздік өнер көрсеткен бірқатар имамдар мен жамағат өкілдері «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы» , «Үздік ойыншы» атанып, ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттармен марапатталды. 

Жарысқа қатысушы 21 командаға қалалық «Бекет ата» мешітінің атынан түскі ас ұйымдастырылып, барлық жағдай жасалғанын атап өткеніміз жөн.

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі