blog Images

«Ержан Хазірет» мешітінде жамағаттың айлық отырысы өтті

Маңғыстау облысындағы Жастар ісі секторының өкілдігі және Ақтау қаласындағы «Ержан Хазірет» мешіті ақпан айындағы жамағаттың айлық отырысын ұйымдастырды.

Мешіт бас имамы Ахлиддин Мирсайдұлының және жергілікті дін қызметкерлерінің ұйытқы болуымен жүзеге асқан шараға Түпқараған ауданына қарасты мешіттердің имамдары, ұстаздары және жамағаты шақырылып, ақ дастарқан басында қонақ болды.

Шара барысында Сайын Шапағатов ауылдық мешітінің имамы Сәбит Егізханұлы және наиб имамы Арман Қуатұлы, Ақшұқыр ауылдық мешітінің наиб имамы Әбдіғаппар Абдуқадырұлы уағыз-насихат айтып, жиналған көпшілікті рухани нәрмен сусындатты.

Игі дәстүрге айналған айлық шаралардың мақсаты Маңғыстау облысы мешіттері жамағатының ауызбіршілігін арттыру, ынтымақтастығын нығайту, бауырмалдық қатынастарын күшейту екендігін айта кеткеніміз жөн.