blog Images

Ережеп айы – ұлық мезгіл

Бүгін, міне, қасиетті 3 айдың алғашқысы, Алла Тағаланың айы – берекелі Ережеп айының алғашқы күні.  Бұл мезгіл қасиетті төрт айдың қатарына кіреді.

Бұл туралы Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Алланың көктер мен жерді жаратқан күні жазған үкімі (орнатқан заңдылығы) бойынша айлардың саны — он екі, олардың төртеуі харам айлар. Міне, (адамзаттың игілігі үшін) ең дұрысы әрі мінсіз жүйе — осы. Ендеше, бұл айларда (яғни, қасиетті айларды құрмет тұтпай немесе орнын ауыстыру арқылы) өз-өздеріңе қиянат жасамаңдар», деп айтылған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ережептің өзге айлардан артықшылығы, Құранның адам сөзінен артықшылығындай. Шағбан айының басқа айлардан артықшылығы Менің басқа пайғамбарлардан артықшылығымдай, ал Рамазан айының басқа айлардан артықшылығы Алла Тағаланың құлдарынан артықшылығындай» деп айтқан.

Көріп отырғанымыздай Ережеп айының мұсылман қауымы үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді көптеп атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарға көңіл бөлетін болсақ, Жаратушымыздың рақымына бөленетініміз сөзсіз.

Алла шын кешірім сұрап, тәубесіне келген пендесінің дұға-тілектері мен құлшылықтарын қабыл ететінін ұмытпайық. Адам баласы Ережеп айында тәубе жасап, дән ексе, Шағбан айында оны игі істермен суарса, Рамазан айында кемелдікке жол ашылады деген пікір бар.

Алла Тағала баршамыздың тәубелерімізді қабыл алып, бұл айдағы құлшылықтарымызды, нәпіл оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабылдыққа жазғай! Әмин!

Әнуар қажы Ізімбайұлы, 

Маңғыстау облысының бас имамы