blog Images

«Дін мен дәстүр – егіз ұғым» атты сайыс өтті

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінде балалар арасында «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» интеллектуалдық сайысы ұйымдастырылды.

Білім сайысының шымылдығын Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы ашып, қатысушы жасөспірімдерге сәттілік тіледі.

Қатысушылар  дін мен дәстүрден өз білімдерін ортаға салды. Қазақтың бас ақыны – Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқып, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету, Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдерді жатқа айтып, жеті аталарын түгендеді.

Бұдан бөлек, балалар имамдар мен ұстаздардың пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихы мен хадистеріне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің атынан өздері жас болса да, тұрмыстың түрлі қиындықтарына тап болған балғындарға сыйлықтар табыс етілді Шара жоғары деңгейде өтіп, жиылған жамағат пен қатысушылардың көңілінен шықты. 

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі