blog Images

«Дархан дала»жобасы аясында рухани сапар ұйымдастырылды

ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі, РАНТ мүшесі Хасан Ташайұлы Маңғыстау облысына іссапары барысында өңір имамдарымен бірге тарихи әрі киелі орындардың бірі саналатын «Бозжыра» шатқалына арнайы барды. Бұл игі бастама ҚМДБ Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлының ұйытқы болуымен жүзеге асты.

Рухани сапарға өңірдің бірқатар имамдары қатысып, табиғаты көркем, тарихы терең Бозжыра өңірінде болып, тағылымға толы сәттерді бастан өткерді. Сапар барысында қатысушылар елдің амандығы, жұрттың тыныштығы және мұсылман үмметінің бірлігі үшін дұға жасап, рухани ой бөлісті.

Аталған шара – дін қызметкерлерінің өзара тәжірибе алмасуына, рухани байланысын нығайтуға және туған жердің тарихи-мәдени мұрасын танып-білуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. «Дархан дала» жобасы аясында ұйымдастырылған мұндай сапарлар имамдардың бірлігін арттырып, ел игілігі жолындағы қызметтеріне тың серпін беретіні сөзсіз.