blog Images

«Білімді мыңды жығар» жамағат сайысының жүлдегерлері анықталды

Түпқараған ауданына қарасты Сайын Шапағатов ауылдық мешіті жамағат арасында «Білімді мыңды жығар» интеллектуалдық сайысы ұйымдастырылды.

Білім сайысына Жаңаөзен қаласындағы «Шаңырақ ш/а» мешіті, Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық «Төлей ишан» мешіті (2 команда) және Сайын Шапағатов ауылдық мешіті секілді құлшылық үйлерінің жамағатынан құралған 4 команда қатысты.

Құран тілі – араб тілінің грамматикасы бойынша өткен сайысқа Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Жарылқап, Жаңаөзен қаласындағы «Шаңырақ ш/а» мешітінің ұстазы Әжімұқан Өтебақ және Басқұдық ауылдық «Төлей ишан» мешітінің ұстазы Ердос Үсенұлы сынды білікті дін қызметкерлерінен құралған қазылар алқасы төрелік етті.

Нәтижесінде І орынды жоғары ұпай санына ие болған «Шаңырақ ш/а» мешітінің командасы иеленсе, ІІ орын «Төлей ишан» мешітінің командасына тобына, ал ІІІ орын Сайын Шапағатов ауылдық мешітінің командасына бұйырды. 

Жүлделі орын иегерлеріне сәйкесінше 100, 50, 25 мың теңге қаржылай сыйлықтар берілді. 

Шара ақ дастарқан басында жалғасын тауып, Әжімұқан Өтебақ ұстаздың тұщымды насихатымен аяқталды.

Бұндай білім сайысы Маңғыстау облысында алғашқы рет өткізіліп тұрғанын айта кеткеніміз жөн.