Бейнеуде қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді
Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Амал мерекесі қарсаңында Бейнеу ауылдық «Басшы Айжанақұлы Әзірханов» мешітінің жамағаты ауылдың қазыналы қарттарына ерекше құрмет көрсетті.
Мешіт ұжымы ауыл ақсақалы, 96 жастағы Азанұлы Жанбай қарияның және ардагер ұстаз, 90 жастағы Тіркешұлы Көшкінбай ұстаздың шаңырағына арнайы барып, қасиетті Рамазан айы мен жыл басы саналатын Амал мерекесімен құттықтады.
Кездесу барысында мешіт имамы Ұзақбай Түркменбайұлы қарияларға «Рамазан тәттілері» себетін табыстап, қазақы дәстүрге сай иықтарына шапан жапты. Сонымен қатар ақсақалдарға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеп, ізгі лебізін білдірді.
Өз кезегінде қазыналы қарттар да ел бірлігі мен ұрпақ амандығын тілеп, көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, мешіт ұжымына ақ баталарын берді.
