blog Images

«Баталы елге бақ қонар» атты облыстық бата сайысы өтті

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде өңіріміздің қариялары арасында «Баталы елге бақ қонар» атты облыстық бата сайысы ұйымдастырылды.

Қала және аудан-ауылдардан жиналған 20 қатысушы ел есіндегі баталар (тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіре айту); ұлттық салт-дәстүрлердің біреуіне арнап, өзінің батасын беру (бесікке салу, тұсау кесу, қыз ұзату, жас жұбайларға, жаңа қонысқа және т.б); билет суыру арқылы көрсетілген тақырыпқа бата беру шарттары негізінде бағаланды.

Әділ-қазылар шешімімен ақсақалдар арасынан үздік деп танылып 1 орынға Байпақов Шаймырза (Маңғыстау ауданы) ие болса, ІІ орын Мұфтали Байдығұлұлына (Бейнеу ауданы), ал ІІІ орынға Рейімбай Қаржаубайға (Жаңаөзен қаласы) бұйырды.

Шара соңында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы және дін қызметкерлерінің бастамасымен бата беру байқауының қатысушыларына арналып ақ дастарқан жайылды.