Бас мүфти «Үштөбе» оқу-ағарту орталығының ашылуына қатысты
Бүгін Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Үштөбе елді мекенінде бой көтерген «Үштөбе» оқу-ағарту орталығының ашылу рәсімі өтті.
Игі іс-шараға арнайы қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жергілікті халықты оқу орталығының ашылуымен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
«Аллаға шүкір, қазір елімізде діни білім алғысы келетін азаматтар саны күннен күнге көбейіп келеді. Біз халық сұранысына сай, яғни жамағаттың рухани дамуына үлес қосу мақсатында жер-жердегі мешіт жанынан медреселер мен діни оқу-ағарту орталықтарын ашуға мән беріп отырмыз. Осы орталықтан ұлтжанды, отаншыл, имандылық жолды ту еткен шәкірттердің көп шығуын тілеймін. Осы ғимараттың салынуына үлес қосқан барша азаматтарға айрықша алғыс білдіремін. Алла разы болсын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Салтанатты ашылу рәсімінде Бас мүфти бастаған дін қызметкерлері оқу-ағарту орталығы ауласына бірнеше шырша көшетін отырғызды.
Айта кетсек, «Үштөбе» оқу-ағарту орталығында бір мезетте 150 шәкірттің тәлім алуына мүмкіндік жасалған. Ғимараттың ұстаздар бөлмесі, спорт залы, кітапханасы, дәрісханасы, асханасы, жатақханасы бар. Жалпы ауданы – 1700 шаршы метр.