Бас мүфти «Төле би» мешітінде жұма уағызын айтты
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Төле би» мешітінде жұма уағызын айтты.
«Тағдырға разылық таныту» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Асыл дінімізде иманның жеті шарты бар. Біз оны «Әмәнту» деп атаймыз. Хакім Абайдың «Әмәнту оқымаған кісі бар ма? Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?» деп айтатыны сондықтан болса керек.
Тағдыр дегеніміз не? Тағдыр араб тілінде «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғат термині бойынша Алла Тағаланың әу баста болатын барлық нәрсені жаратпастан бұрын шексіз ілімі арқылы егжей-тегжейіне дейін білуін және оларды белгілі бір өлшемге қарай реттеуін, жүйелеуін, арнайы белгілеуін «тағдыр» дейміз.
Тағдыр – осы әлемді және оның ішіндегі сан алуан түрлі жаратылыс иелерін белгілі бір жүйе мен тәртіп бойынша басқаратын иләһи заңдылық. Жер бетіндегі күллі мақлұқаттың болмыс-бітімі Жаратқанның белгілі бір тәртібімен өлшеніп қойылған» деді.
ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.