Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ыстамбұл қаласында Түркия Республикасындағы «Талаба» қауымдастығының өкілдерімен кездесті.
Түркияда діни білім алып жатқан жүздесуде алдымен қасиетті Құран Кәрім аяттары оқылып, Бас мүфти ел амандығы мен тыныштығы үшін арнайы дұға жасады. Сондай-ақ дастарқан басында Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық шәкірттерге насихат айтты.
«Түркия – қазақ елімен ежелден рухани байланысы бекем бауырлас мемлекет. Осы бауыр мемлекетте болған жер сілкінісі біздің де жанымызға батты. Түркия жерінде қаншама қандасымыз білім алып жатыр. Берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, білімдеріңізді толықтырып, елге оралуға, Отанымызға қызмет етуге шақырамын. Бастысы, дендеріңіз сау болып, әртүрлі бәле-жаладан аман болуларыңызды Алладан тілеймін» деді ҚМДБ Төрағасы.
Сонымен қатар Бас мүфти бастамасымен «Талаба» қауымдастығы өкілдерінен құралған еріктілер тобы құрылды. Аталмыш еріктілер тобы зілзала болған аймақтарға барып, зардар шеккендерге көмек көрсетпек. Өз кезегінде Діни басқарманың Түркия еліндегі өкілі әрі «Талаба» студенттер қауымдастығының жетекшісі Жандос Айтбай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына рухани қолдауы үшін алғыс білдірді.