Бас мүфти Мысыр президенті кеңесшісімен кездесті
Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр Араб Республикасы Президентінің Ислам істері жөніндегі кеңесшісі, әл-Азһар университетінің профессоры, шейх Усама әс-Саид Махмуд Мұхаммед әл-Азхаримен кездесті.
Кездесуде екі ел арасындағы рухани-мәдени байланыстарды нығайтудың, діни оқу-ағарту саласы бойынша ортақ жобаларды жүзеге асырудың, Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қайта ашу қарсаңындағы дайындық жұмыстардың маңызы сөз болды.
Бас мүфти Президент кеңесшісіне көне Мысыр еліндегі қазақ халқының тарихына қатысты қолжазбаларды ғылыми айналымға енгізуді, осы бағытта жүргізілетін зерттеу жұмыстарына қолғабыс етуді сұрады. Усама әс-Саид Махмуд Мұхаммед әл-Азхари бұған байланысты өз тарапынан қолдау болатынын, ұйымдастыру жұмыстарына қолғабыс ететінін жеткізді.