Бас мүфти Мина жазығында қажыларға уағыз айтты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Мина жазығына жиналған отандастарымыз орналасқан шатырларды аралап, қажыларымыздан ахуал сұрасып, уағыз айтты.
«Құрметті қажылар! Қазір сіз бен біз тоқтаған Мина – Харам аймағына кіретін қасиетті жер. Қажылық кезіндегі құрбан шалу, шайтанға тас ату секілді құлшылықтардың бәрі осы жерде жасалады. Бұл жерде Адам ата жәннатты сұраған, Хақ Тағала Ибраһим пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) мейіріміне бөлеп көктен көк қошқар түсірген. Ардақты Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға аттанар алдында Минаға тоқтап, құлшылық еткен. Сондықтан мұсылмандар үшін Мина жазығының қадір-қасиеті ерекше. Аллаға шүкір, биыл сіз бен бізге осындай қасиетті жерде қажылық жасау нығметі нәсіп болды. Біз қазір дұғалар қабыл болатын уақытта отырмыз. Осы ретте сіздерді еліміздің игілігі, жастарымыздың болашағы, халқымыздың амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасауға шақырамын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетсек, ертең қазақстандық қажылар таң намазынан кейін Арапат аймағына аттанады.