Бас мүфти Меккедегі халықаралық конференцияда баяндама жасады
Мекке қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен халықаралық конференцияда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады.
Қажылық тақырыбына арналған басқосуда ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Шынында қажылыққа келу – кез келген адамға нәсіп бола бермейтін нығмет. Қажылық парыздары мен сүнеттерін, рәсімдері мен рүкіндерін шариғатқа сай орындаған мұсылман ұлы сапардан күнәдан пәк күйінде оралады. Бұл туралы Әбу Һурайрадан (Алла оны рақымына алсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз ешнәрсе жасамай, Аллаға қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай (күнәсіз) оралады».
Қазақ халқы ұлы сапардан оралған кісіні «қажы» деп құрметтеп, оның батасын алуға асыққан. Өйткені қасиетті жерден келген кісінің дұғасы қабыл болады деп сенген. Өз кезегінде қажылықтан оралған адам қажы деген атқа лайықты болып, жақсы істерімен айналасына үлгі-өнеге көрсетуі керек» деп атап өтті.
Айта кетсек, конференцияға Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Арын, Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, профессор Әли Ербаш, Өзбекстан мұсылмандары басқармасы төрағасының орынбасары Жалалоддин Хамрокулов, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Самуддин Атабаев, Сауд Арабия Корольдігі Қажылық және ұмра министрлігінің ресми өкілдері, қажылық компанияларының жетекшілері, уағыз-насихат жұмыстарына жауапты имамдар мен 250 отандасымыз қатысты.