Бас мүфти Арапатта қажылармен бірге дұға жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Арапат аймағында Қажылық миссиясының ұйымдастыруымен өткен «Бір мезетте – бір ниет» іс-шарасына қатысып, қажылармен бірге дұға жасады.
«Уа, Алла Тағала! Сен Қиямет күнінің Иесісің! Біздің тәуелсіздігімізді қияметке дейін мәңгілік ете гөр. Еліміздің шетін жаудан, ішін даудан сақтай гөр. Мың құбылған заманда халқымызды құбыласынан жаңылдыра көрме. Елімізге амандық, жерімізге тыныштық нәсіп ет. Қазақ елінің ертеңі үшін шыбын жанын құрбан етіп, ұрпақ болашағы жолында шейіт болған ата-бабаларымызды өз кеңшілігіңмен мейіріміңе алғайсың. Ел қамында, дін қамында жүрген асыл азаматтарымызға Өзің жар болғайсың. Еліміз бен жерімізді түрлі табиғи апаттардан аман сақтағайсың. Біздің халқымызды тосыннан келетін сынақтардан аман еткейсің. Жастарымызға иман, қарияларымызға қуат бергейсің. Бізді және ұрпағымызды адастыра көрме. Бізді екі дүние бақытына бөлей гөр» деп дұға жасады Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.