blog Images

БАС МҮФТИ АҚТАУДА АУҚЫМДЫ ЕҢБЕКТЕРДІҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына барған сапарында «Muftiyat» баспасынан шыққан «Ислам энциклопедиясы», «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Дін мен дәстүр ІІІ» еңбектерінің таныстырылымына қатысты.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір әлем елдері өзінің салт-дәстүрін, діні мен ділін, мәдениеті мен әдет-ғұрпын қайта жаңғыртуға күш салуда. Өйткені жаһандану заманында халықтың дәстүрлі құндылықтарын сақтап қалу маңызды мәселеге айналды. Қоғамда дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу мақсатында діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Игі бастама аясында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеміз. Атап айтқанда, «Ислам энциклопедиясы», «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Дін мен дәстүр ІІІ» еңбектерін шығардық. Мақсатымыз – жастардың ғылымға деген құштарлығын ояту, қоғамда дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау, жамағатты бабалар ізімен жүруге үндеу. Баршаңызды осынау ізгі істерге үлес қосуға шақырамын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Басқосуда зиялы қауым өкілдері, ел ағалары аталған еңбектер жайлы пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.