Бас имамның Рамазан айымен құттықтауы
Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің, жергілікті дін қызметкерлерінің және өзімнің атымнан сіздерді он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!
2023 жылы Рамазан айы, Алланың қалауымен, 22 наурызда күннің батуымен кіреді. Осы кеште өңірімізге қарасты мешіттерде алғашқы тарауық намазы оқылып, 23 наурыздың таңында мұсылмандар Алла Тағаланың өсиеті мен Оның елшісі – Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлгісіне сүйене отырып, ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан тыйылып, ауыз бекітеді.
Ораза ұстап, Алла Тағаланың разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болатынын ұмытпайық.
Жаратушы Алла құдси хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген.
Он бір айдың сұлтаны болып табылатын Рамазан айы біздің алдымызда ізгілік, мейірімділік пен кешірім есігін ашады.
Бір ай бойы күн сайын аштық пен шөлді сезіне отырып, адам баласы мұқтаж жандардың хәлін толық түсінері сөзсіз. Осының бәрі өміріміздегі шынайы рухани құндылықтарды түсінуге, қоршаған ортамызға қамқорлық танытып, сүйіспеншілікпен қарап, шынайы және кішіпейіл болуға мүмкіндік береді.
Қасиетті айда жағдайы төмен отбасыларға, жетімдерге, мүгедектерге, қарттарға бірге көмектесейік. Өз үлгімізбен қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықтың орнауына үлес қоса аламыз.
Осы ретте бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуіне үн қосып Маңғыстау облысының кәсіпкер азаматтарынан қасиетті айдың құрметі үшін халықтың тұрмыстық жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға шақырамын. Жақсы амалдарыңыз өздеріңізге еселеп жақсылық болып қайтатынында күмән жоқ.
Алла Тағала Рамазан айында баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігін сезінуді нәсіп етсін! Қасиетті ай баршамызға мүбәрак болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әмин!
Әнуар қажы Ізімбайұлы,
Маңғыстау облысының бас имамы