blog Images

Бас имамның Қадыр түнімен құттықтауы

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті Маңғыстау облысының тұрғындары! Қадірлі ағайын!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің, жергілікті дін қызметкерлерінің және өзімнің атымнан сіздерді келе жатқан 1000 айдан да қайырлы Қадір түнімен құттықтаймын!

Қасиетті Рамазан айының соңғы он күнінің ішінде Тағдыр түні (Ләйләтүл-қадр) бар. Биыл бұл түн сәуір айының 17-нен 18-не қараған түнге сәйкес келеді. 

Алла Тағала бұл кешке толық бір сүрені арнаған. Онда: «Қадір түні мың айдан артық (қайырлы)» («әл-Қадір» сүресі, 3 аят), – деп айтылған.

Имам Қуртуби осы аятты тәпсірлеп: «Артықшылығымен, ұлықтығымен артық. Бұл түнде көптеген артықшылықтар бар. Бұл түнге мың жылға шаққанда топталмайтын жақсылық үлестірілген», – деген.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Қадір түнін Рамазан айының соңғы тақ түндерінен іздеңдер» деп, бізді осы дүниелік және мәңгілік өмірдің қазынасының кілттерін жіберіп алмауға үндейді.

Өтіп бара жатқан Рамазанның соңғы сәттерінде Алла Тағала біздің бойымыздағы шынайы әділдікті оятып, тақуалықтың жаңа деңгейлеріне көтеріліп, шынайы бақытқа жол көрсетсін.

Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір түнінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай. Әмин!

Әнуар қажы Ізімбайұлы,

Маңғыстау облысының бас имамы