Бас имам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шараға қатысты
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Достық үйінде өткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері және құрбаны ана мен балаларды қорғау қоғам міндеті» атты отырыста баяндама жасады.
Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен жиында тұрмыстағы зорлық-зомбылық, оның белгілері мен алдын алу жолдары сияқты өзекті мәселелер көтерілді.
Өз кезегінде облыс бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы «Бала – аманат» тақырыбында баяндама жасап:
«Бала – Алланың адамға берген үлкен нығметтерінің бірі. Жаратушы Алла әр баланы ата-анасына аманат етіп берген. Ал аманатқа қиянат жасау жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың отбасыларыңа жақсы қарағандарың» деген. Сондықтан ислам дінінде отбасы құндылығы ең жоғары дәрежеге қойылған. Пайғамбарымыз керемет әке болды, отағасы болды, балаларын көз қуанышым деп, екі немересін көңілімнің райханы деп қатты еркелетіп, ерекше мәпеледі. Тіпті намаз кезінде арқасына мінген немерелері ойнап біткенше жайнамаздан бас көтермеген екен. Міне, пайғамбарымыз осындай балажан еді. Сол үшін дінімізде балаларға көңіл бөлу, қуанту да садақаға жатады», деді.
Сондай-ақ, облыс бас имамы жақында ғана Ақтауда орын алған қайғылы жағдайға байланысты:
«Көмекке мұқтаж жандарға да дін қызметкерлері барынша қол ұшын созып келеді. Дегенмен, имамдар мен ұстаздар мешітке келетін әр адамның ішкі жан-дүниесі үшін жауап бере алмайды. Сол себепті, бұл оқиғаны мешітпен байланыстыруды тоқтатқанымыз абзал», деген ойын білдірді.