БАС ИМАМ БЕЙНЕУ АУДАНДЫҚ МЕШІТТЕРІНІҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы жұма күні Бейнеу ауданына арнайы іссапармен барып, аудан мешіттерінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Іссапар барысында бас имам ауданға қарасты бірқатар мешіттер мен ғибадат үйлерін аралады. Атап айтқанда, аудандық «Ыбырайым ахұн» мешіті, «Басшы Айжанақұлы» мешіті, Сыңғырлау ауылдық «Шалқыбай ата», Ақжігіт ауылдық «Нұрнияз ахұн» және Тәжен ауылдық «Тәжен ата» мешіттерінің тыныс-тіршілігімен танысып, атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.
Мешіттерді аралау барысында ауыл әкімдерімен және мешіт қызметкерлерімен кездесіп, елді мекендердегі діни ахуал, жамағатпен жұмыс және мешіттердің қазіргі жағдайы жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ сапар аясында Бейнеу ауданындағы тарихи-мәдени нысандардың бірі – «Көркембай ахұн» медресесіне арнайы барып, тарихи мұраның бүгінгі жай-күйімен танысты.
